Приветствую Вас, Гость
Главная » 2012 » Май » 2 » Жай сөйлем туралы мәлімет
15:47
Жай сөйлем туралы мәлімет
Жай сөйлемнің түрлері
Жай сөйлем құрамы мен кұрылысына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Сөйлемде түрлаусыз мүшелердің болу, болмауына қарай жалаң және жайылма сөйлем болып бөлінеді. Тұрлаусыз мүшелері жоқ, тек бастауыш пен баяндауыштан құралған сөйлемді жалан, сөйлем дейді де, тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер де бар сөйлемді жайылма сөйлем дейді.

Мысалы: Олжабек сасыңқырап қалды. Олжабек үндемеді. Бұлар баяғы жалқау жігіттің иегінің астында келеді (Мұст.) деген үш сөйлемнің алдыңғы екеуі тек бастауыш пен баяндауыштан құралған: Кім сасыңқырап қалды?— Олжабек — бастауыш, Олжабек не істеді? (қайтті?) сасыңқырап қалды — күрделі баяндауыш; кім үндемеді?— Олжабек — бастауыш. Олжабек не істеді?— үндемеді — баяндауыш. Бұлар — жалаң сөйлемдер. Үшінші сөйлем бастауыш пен баяндауыштан басқа тұрлаусыз мүшелерден де құралган: Кім келеді?— бұлар — бастауыш, бұлар не істеді?— келеді — баяндауыш; қайда келеді?— иегінің астында — мекен пысықтауыш, кімнің иегінің астында?— жігіттің — анықтауыш, қандай жігіттің?— жалқау — анықтауыш, қай жігіттің? баяғы — анықтауыш. Сөйтіп, бұл сөйлемде бастауыш (бұлар) пен баяндауыштан (келеді) басқа пысықтауыш (иегінің астында), анықтауыштар (жігіттің, жалқау, баяғы) да бар, сондықтан ол жайылма сөйлем болып табылады.
Сөйлемде бастауыштың болу, болмауына қарай жақты және жақсыз сөйлем болып бөлінеді. Бастауышы бар, кейде айтылмай тұрса да, бастауышын баяндауышы арқылы табуға болатын жай сөйлем түрін жақты сөйлем дейді де, бастауышы мүлде жоқ және баяндауышы арқылы бастауышын табуға болмайтын, баяндауыштың езі ғана сол сөйлемге ұйытқы болатын жай сөйлем түрін жақсыз сөйлем дейді. Мысалы: Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл — ерте әзірлеген жауабы еді. (М. Әуезов). Кім айыпты екеніне әлі көзім жете қойған жоқ. (Ғ. Мүсірепов). Бірінші сөйлемнің баяндауышы — сөйлеп қапты (не істеді?), бастауышы жок, бірақ оны табуға болады: кім сөйлеп қапты?— ол, яғни бала, ол екінші сөйлемнен көрініп тұр. Екінші сөйлемнің баяндауышы — жауабы еді (бұл — не?), бастауышы — бұл (не жауабы еді?). Сондықтан бұлар — бастауышы бар я жоқ болса да, баяндауышы арқылы табуға болатын жақты сөйлемдер. Ал үшінші сөйлемнің баяндауышы (қайтті?)— көзім жете қойған жоқ, бұл — фразалық (идиомдық) тіркес, сондықтан сөйлемде бір ғана мүше қызметін атқарады: көзім деген сөзді бір бөлек, жете қойған жоқ дегенді бір бөлек талдауға болмайды. Бұл сөйлемнің бастауышы жоқ, оны табуға да болмайды. Сондықтан бұл — жақсыз сөйлем.
Жақсыз сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғада келеді. 1) -қы, -кі, -ғы, -гі жұрнақты қалау рай етістікке бол көмекші етістігі тіркесіп келеді: айтқысы келді, барғым келмейді т. б.
2) түйық етістікке керек, жөн, мүмкін, тиіс сияқты сөздер тіркесіп келеді: баруы керек, сөйлеуім мүмкін, айтуы тиіс т. б.
3) -ып, -іп, -п жұрнақты көсемшеге бол (көбіне болма тәрізді болымсыз түрінде) көмекші етістігі тіркесіп келеді: айтып болмайды, ұғып болмайды т. б.
4) Баяндауыш кұрамында бастауыш тұлғалы сөзі бар, бірақ сөйлем мүшелеріне жіктеуге келмейтін тұрақты тіркестерден болады: шек-сілесі қатты, шарасы қалмады, тас-талқаны шықты, мойнына су құйылды т. б.
Сөйлемде ойға катысты айтылуға тиісті мүшелері түгел жай сөйлемнің түрін толымды сөйлем дейді де, айтылуға тиісті тұрлаулы я тұрлаусыз мүшенің бірі түсіп қалған жай сөйлемнін түрін толымсыз сөйлем дейді. Мысалы, Кәлен бір ытқып сыртқа шықты. Купі сыртынан қайыс белбеуін буып алды (Ә. Нұрпейісов). Көзінен жасы ыршып кетті. (С. Сейфуллин) деген үш сөйлемнің алдыңғысы — толымды сөйлем, өйткені оны сөйлем етіп тұрған баяндауышы (не істеді?— шықты) да, бастауышы (кім шықты?— Кәлен) да бар және сөйлем білдіретін ойға қатысты пысықтауыш (қайда шықты?— сыртқа және қалай шықты — бір ытқып) та жұмсалған.
Сондықтан бұл — толымды сөйлем. Екінші сөйлемде баяндауыштың (не істеді?— буып алды)иесі бастауыш жоқ, сөйлемде түсіп қалган, бірақ оны табуга болады: кім буып алды?— ол (Кәлен). Үшінші сөйлемде көзінен сөзінің анықтауышы (кімнің көзінен?) түсіп калған. Сондықтан екінші, үшінші, сөйлемдер толымсыз сөйлемдер деп танылады.
Ойды білдірмей, тек соған байланысты заттың, құбылыстың, мезгілдің мерекенің, мекеннің аты аталып көрсетілгендей жай сөйлемнің ерекше түрін атаулы сөйлем дейді. Атаулы сөйлем жеке дара қолданылатындықтан; шартты түрде сөйлем деп танылады. Оның мәні тек өзінен кейін қолданылған сөйлемдер арқылы түсініледі. Атаулы сөйлем өз ішінде сөйлем мүшелеріне жіктелмейді. Мысалы: Кеш. Ымырт жабылған кез… Көкшетау маңы. Айнадай тұнық сұлы Көл-шүмектің қасы. Көлшүмектің жағасындағы көк ала қамыс, судыр құрақтар — айнаның жиегіне салынған әдемі өрнек сияқты (С. Сейфуллин) дегенде, алғашқы 4 сөйлем мезгілді (1—2— сөйлемдер: кеш және ымырт жабылған кез) және мекенді (3—4— сөйлемдер: Көкшетау маңы және Айнадай Көлшүмектің қасы) атап қана тұр. Сөйтіп, келесі сөйлемге мезгілдік, мекендік жағынан кіріспе ретінде жұмсалып тұр. Осы мысалдан көрінетіндей атаулы сөйлем бір сөзден де, бірнеше сөзден де кұрала береді.
Категория: Біліп ал | Просмотров: 3838 | Добавил: звезда | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: